Болат Аюханов өнер ұжымымен туған жері Семей қаласына гастрольдік сапармен барды

Семейдің Абай театры сахнасында Болат Аюхановтың балет театры талғамы биік көрермен назарына үздік қойылымдарын сахналады.

Соның бірі - екі ғасыр бойы әлемді мойындатқан Петр Ильич Чайковскийдің   «Аққу көлі» төрт актілі балеті. Басты рөлдерді театрдың жетекші әртісі Айнұр Мұқашева, балет солистері Айя Мелис, Асхат Тарих және Шәкен Алан сомдады.

        П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті театр репертуарында он жылдан астам уақыт болып, жұртшылықтың көңіліңен шығып, ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Театр ұжымы 2 маусым 2022 жыл Абай театрының сахнасында  өнердің биік шыңын көрсетіп, көпшілік қауымның көзайымына айналып, тамаша көңіл-күй сыйлады. Көрерменге ұсынылған балеттер мен хореографиялық композициялар өз стилистикасымен, хореографиялық суретімен және пластикасымен ерекшеленіп, өнер әлеміне елітіп әкетеді.

- Маған бүгінгі балет қойылымы  өте қатты ұнады. Әртістердің сахнадағы өздерін ұстауы, би қозғалыстары ерекше әсер қалдырды. Болашақта мен де балет әртісі болғым келеді. Арманыма жету үшін бүгінде арнайы балет мектебіне барып, икемдерімді шыңдаудамын. Балет әртістеріне өте жоғары баға беремін және өнерлерін құрметтеймін,-дейді жас көрермен Інжу Бақытбек.

      Сондай - ақ, кеш бағдарламасында Болат Аюхановтың қойылымындағы М.Равельдің музыкасына жазылған ең алғашқы, ең танымал және жарқын спектакльдердің бірі - "Болеро" балеті ұсынылды.

     Болат Аюханов өзінің "Сезім өмірбаяны" («Биография чувств») атты кітабында:"Равельдің" Болеросында "салқын әуен, көзге көрінетін испандық келбет, музыкалық серияның академиялық құрылысының қатаңдығы хореограф ретінде маған музыкаға тең келетін хореографиялық пластиканы сынап көруге мүмкіндік берді”-деп жазған.

Айта кетейік, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген балет ұжымы гастрольдік сапарын 2022 жыл 4 маусым  Өскемен қаласында жалғастырмақ.

Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.