Сахнадағы сабақтастық

Алматыда Мемлекеттік академиялық би театры мерейтойлық 60-маусымын ашты.

Сахнадағы сабақтастық

 

Айтулы оқиғаға орай Болат Аюханов атындағы Мем­лекеттік академиялық би театрының директоры Жәнібек Өтегенов хореография шеберінің шығармашылық мұра­сын кейінгі буынға жеткізу, театрдың мерейтойлық мау­сымдағы қойылымдары мен премьералары, сондай-ақ ал­дағы шығармашылық жоспарлары туралы пікірін бө­лісті.

– Алдағы жұ­мысымыздың басты бағыттарының бірі – Болат Аю­ха­новтың хореографиялық туындыларын сақтау және қайта жаңғырту. Қазіргі уақытта театр репертуарында ше­бердің таңдаулы қойылымдары сақ­талған. Біз оның әр кезеңде дүниеге келген қойылым­дары­ның авторлық қол­таңбасын, өзі қалыптастырған мек­тептің ерекшелігін жо­ғалтпай, кезең-кезеңімен сах­наға шығарғымыз келеді, – деді театр басшысы. 

Бұдан бөлек, театрда алпыс жылға жуық уақытта жи­нақ­талған архив қорын жүйелеу және цифрландыру жұ­мы­сы қолға алынбақ. Фотосуреттер, афишалар, бағ­дар­ламалар, бейнежазбалар мен әртістердің естеліктері бо­лашақта мамандарға ғана емес, жас көрерменге де қол­жетімді болады. 

Жүздесу барысында театр басшысы ұжымның ендігі даму жолын Болат Аюхановтың классикалық және ав­торлық мұрасын сақтау, заманауи хореографияны да­мыту, жаңа қазақстандық балет туындыларын сахнаға әкелу сынды негізгі бағыттармен байланыстырды.

– Біз қазірдің өзінде осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Репертуарымыз жаңа туындылармен толықты. Олардың қа­тарында «Без слов» заманауи спектаклі мен «Арайлы қала» балеті бар. Алдағы уақытта да жаңа қойылымдар әзір­леп, хореографтар, композиторлар, суретшілер мен өзге де шығармашылық сала өкілдерін бірлескен жоба­лар­ға тарту ойымызда бар, – деді Жәнібек Өтегенов.

Бүгінде өнер ордасында Болат Аюхановтың ре­пер­туары мен көркемдік қағидаларын меңгерген білікті ма­мандар қызмет етеді. Театр басшысының сөзінше, мұнда ұжым ардагерлерімен тығыз байланыс сақталған. 

Мерейтойлық іс-шара «Мұра. Аюханов. Наследие» ат­ты концерттік бағдарламамен ұласты. Кеште театрдың ал­пыс жылдық шежіресін бейнелейтін әр жылдардағы қойы­лымдар мен хореографиялық миниатюралар ұсы­ныл­ды.

Сахнадағы сабақтастық